Kitobni o'qish: «Күй», sahifa 2

Shrift:
 
Жə, əлде танысқан қыз сыңсығаны.
Жүректің қылмен қабат шегін шерткен
Саусақтың ыршығаны, шымшығаны.
 
 
Қайырған, текектеткен, жорғалатқан,
Сарқыған, екшеп қағып, сорғалатқан.
Талмаурап самайдан тер сыпырғанда
Тартуын «Боз інгенді» қолқалатқан.
 
 
Қозғалған қайта қобыз, қымти бұрап,
Қозғалтқан «кұлақ күйді» тартыңқырап.
Боздатқан «Боз інгенін» ыңырантып,
Күңіренткен бірде боздап, бірде жылап.
 
 
Тоңқалаң топ басынан асқан тұмақ,
«Бəлі» деп бас тұқырған төмен құлап.
Бой балқып, ой өрістеп, жаның жусап,
Күзетте қалған жалғыз сергек құлақ.
 
 
Ескіге, ертегіге ертер үшін,
Тамырын тартып шердің шертер үшін.
Қолқалап «Боз інгенді» сұрағанда,
Былайша бастайтын шал ертегісін.
 
II
 
«Баяғы, дін мұсылман аманында,
Бай бопты Бағлан деген, заманында.
Арқа оттап, асқар жайлап, құм күзеген,
Қыстауы Амудария аяғында.
 
 
Құм қоныс, мал суаты Сырдың суы,
Боз дала – тұяқ басты малдың шуы.
Көкпекті көгертпеген көктен нөсер,
Жарқылдап жай жарқырап жасыл туы.
 
 
Түйесі сары қоңыз маусымдағы,
Маясы, нары, үлегі, қаусырмалы.
Қалмайтын қайымаған бір тайлағы,
Келесін ие баққан Қаусылғазы.
 
 
Болыпты бір боз тайлақ келесінде,
Ол өзге, өзге түйе төбесінде.
Өренде, өлкеде жоқ айуан екен
Тартпаған бурасына, енесіне.
 
 
Туғаннан ардақтапты бай-бəйбіше,
Мал айтып амандыққа əлденеше.
Сақта деп, тілден-көзден сиыныпты,
Су ішсе, қырға кетсе, шөбін жесе.
 
 
Батқанда қырдың күні тұмандатқан,
Қатқанда Сырдың суы бұлаң қаққан.
Күл көрпе, қорда төсек, қолға байлап,
Үкілеп қара таспен тұмарлатқан.
 
 
Қызылда қыстың күні шұнаң қаққан,
Аязда түкірігің түспей қатқан.
Жабулап Самарқанның жібегімен,
Жабыла жануарды солай баққан.
 
 
Боз тайлақ жасы толған, қайымаған,
Қайғырып мал иесі зар жылаған.
Балгерге бал аштырып, бақсы ойнатып,
Қалмаған құмалақшы айырмаған.
 
 
Бақсы ойнап күңірентсе де қобыз үнін,
Қойқаптан қозғағанда Қорқыт жынын.
Боз інген боталамай болды бедеу,
Шашты ашпай құмалақшы қырық бірін.
 
 
Жұрт жиып Бағлан айтты: – Елім – халқым,
Інгенім қайымады, көңіл салқын.
Əулие көп ауызы, не айтасыңдар,
Барлар жан бар ма ішінде мұның парқын?
 
 
Күңіренген бəйбіше де қоңыр қазша!
«Бермес пе ед бір шикі өкпе, ие жазса!»
Ұйлыққан үндей алмай отырған жұрт,
Шеттегі тұра келді жетім тазша:
 
 
«Ау жарандар, жарандар,
Маған да бір қараңдар.
Мен болжайын, байқайын,
Қамалмаңдар, бағыландар.
Мен дауасын айтайын:
Құлақ салып тыңдасаң.
Тойыңды жеп қайтайын,
Егер мені сыйласаң.
 
Yosh cheklamasi:
12+
Litresda chiqarilgan sana:
23 yanvar 2017
Hajm:
8 Sahifa 1 tasvir
Mualliflik huquqi egasi:
Public Domain
Формат скачивания:
epub, fb2, fb3, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

Ushbu kitob bilan o'qiladi