Əн мен жыр қызымыздай ұзатылған, Алмай ма кір жұқтырып өз атына? Жақты ма қайын жұртқа, жақпады ма, Табылар құптайтын да, бұзатын да. «Өгейсіп жүр ме екен, – деп, – бөтен жерде?» Ата-ана уайымдар қыз хақында. Ақын да қыз ұзатқан ата-анадай, Алаңдар өзі ұзатқан сөз атына.
Əн «Хорлан» атанған жоқ күйік пенде, Өзіндей Хорлан қыздың сүйікті елге! Көтеріп əкетті ел биік белге, Тыңдаймыз ұйып сен де, ұйып мен де.
Арқадан əн самғатқан Естай ақын, Бəйгіге қашан қалған қоспай атын?! «Тыңдайтын дүниеде құлақ барда Сенген ол жасайды, – деп, – өшпей атым».
Тұлпардай топ алдында ойқастаған Əн «Хорлан» тамашада той бастаған: Жігіттің арманы не сүйгенді алған!» – Көңілге махаббатшыл ой тастаған.
Сергелдеңнің сеңінде
Алдынан киліксе де шатқал, шың құз, Аумаған атылған оқ, аққан жұлдыз. Салт атты ағындаған тоқтар емес, Бара ма іздеп күнін батқан күндіз?
Ақ көбік ат сауырын жасырады, Жолаушы неге мұнша асығады? Қарауға арттағыға мұршасы жоқ, Барар жер, басар тауы қашық əлі.
Кімнің бұл боздағы мен аяулысы, Кімнің бұл жортуылшы жан алғышы? Жападан-жалғыз жолға таңнан шыққан, Жоқ па екен жолдас болар таянышы?
Даланы дүрліктіріп, дүбірлетіп Қалың қол қалды ма екен қуып жетіп? Жүзінде қан жоқ, сөл жоқ меңдегендей Арқаның алты ай қыстай суығы өтіп. Келе ме кереметтей кегін даулап, Біреуде жанашырдың құны кетіп?!
Дəметіп оңай олжа, орамалдан, Тонаған тұяқ қоймай қора малдан, Қызылкөз көкжалдарын бастап барып, Батыр ма барымтадан жаңа оралған?
Ажал сұм-қара жүрек қараса ма, Ойнатып əңгір таяқ қарашаға, Төнді ме?.. Сол хабарды ести сала, Тəуіп пе тұра шапқан арашаға?
Біреуге жас басынан кекті ме екен? Сия алмай сыйлы еліне кетті ме екен? Бұйырып ішер суы бір қияннан, Қайдағы шақырды ма шеткі мекен.
Тізгінін бірақ тартты жар басында, Аунақшып аласұрған арнасында Айдынға төне қалды түнеріңкі, «Жар бол!» деп, жалбарынып аласына.
Кес-кестеп Ертіс жатыр құтырынып, Көшкен сең айдаһардай ытырынып, Жалмайды жолдағысын, алдағысын, Жал бітіп, жұтқан сайын құты кіріп.
Ертісі еркелеткен ене сынды, Егесіп баласымен егерсіді. Иманын үйіртеді имансыз су, Еріксіз қол байланды, жол кесілді: