Kitobni o'qish: «ТОПАН («Жем суының тасқыны»)», sahifa 3

Shrift:
 
Кешіп жатыр басынан
Келімсектердің мазағын.
 
 
Бұл күндері дарияма
Көз тастасам қарайлап:
Біреулер жүр мал айдап,
Толығып дəулет – қара айдап.
Ақ зəмзəмдай тұнықты
Біреулер жүр ылайлап.
Жем аяғы бұл күнде
Толығып еді мал айдап,
Төрт түлік дəулет – қара айдап,
Сарытау, Самар, Қазаннан
Талапқа келген саудагер,
Бұл да көкке қарады
Қазына жинап сарайлап.
Ноғайлар тапқан жан-айла –
«Указной» молдалар
Өп-өтірік «Құдайлап».
 
 
Сарытау, Самар, Қазаннан
Келгеннің қызық көргені,
Тастары өрге өрледі.
Бектерімді баяғы,
Есіктегі, аяғы,
Құлы құрлы көрмеді.
Билеп ап судың балығын
Бұқара байтақ халықтың
Жеуіне де бермеді.
Орыстар көкке қарады,
Қойдан момын қазаққа
Жасамады көмегін,
Жоқтамады керегін.
Қазынадан қарыз жоқ,
«Сахыраның елі шашық, – деп, –
Баруға алыс-қашық, – деп, –
Шаңды-аяқ елге бармайық,
Келе алмаспыз асып», – деп. –
Жоламаушы еді əуелде,
Бүгінде басқа сайрап жүр,
Тор-тұзағын сайлап жүр:
«Зердесіз елдің байлығын
Қарпып қалуға асық» деп.
Шелденді олар тасып көп,
Көшпелі жұрттың еңсесін
Сықпа құрттай езгілеп,
Жаншығанды кəсіптеп.
Кемітуші еді жек көріп,
Қой баққанды «қорлық» деп,
«Наданның сөзі зорлық» деп,
Сахыраның елін көшпелі
Сыртынан жүрді өсектеп.
Бүгінде бұлар талаптан
Ақша тапты есептеп.
Мамықтан жиды»төсек» деп.
Тасқандардан сөз шықты,
«Сиырдан артық есек» деп.
Бас көтерген қазақты
Пəлеге тартты кесектеп.
 
 
Тəкаппарлар да көп еді,
Төгілуге сірə дөп еді.
Парасат, парық жоқ еді,
Жетім елді панасыз
Бөрідей талап жеп еді.
Қазақтың дарқан жерінде
Қасиет бар демеді.
 
 
Ес бар деп елде білмеді,
Ерлерін көзге ілмеді.
Жазықсыз тартып қырсыққа,
Жəбірлеп текке тілдеді.
 
 
Құдайдан, көптен қыңбады –
Көңілдің қара зынданы.
Бұл арадан мал тапқан
Бір шүкірлік қылмады.
 
 
Жағынып жатқа жалбақтап
Жігіттің шықты мұндары.
Бетінің арын бес төгіп,
Кісінің қашты сындары.
 
 
Азамат ерде дəулет кем болса,
Қабаннан жаман Қарынбай,
«Жан екен» деп оны білмеді,
Назарын тіпті бұрмады.
 
 
Базарға барса мастанып
Жүз теңгеге ат алды.
Киейін деп базардан
Қызыл-күрең мата алды.
Қатындары құтырып,
Өзі барып, базардан
Қымбатына зат алды.
Қызыл кəмзөл, ақ көйлек –
«Мынау кімнің қатыны?» атанды,
Көрт-қоспақты мал демей,
Түзеді нармен қатарды.
Ұн менен шайға толтырды
Тең байлаған атанды.
«Күрпішатқа ұнменен»
Болмаса егер «первый шай», –
«Третий астық», «кантон шай» –
Арам астай жиреніп
Ауызына зорға апарды.
Асқандар солай қақалды,
Тентектік қылса бір қазақ,
Түрмеге барып маталды.
 
 
Сахырадан көшерде
Дүния болды жиғаны,
Сиырға жүгі сыймады,
Малдың жанын қинады.
Қанағат кетіп бəрінен,
Болмады нəпсі тыйғаны.
Шайқылар айтқан кеңеске
Айылын тіпті жимады.
Байлыққа бөккен иттердің
Қалмады-ау мысқал иманы…
 
 
Сорпаны төкті майменен,
Сусыны қанып шайменен.