Kitobni o'qish: «ТОПАН («Жем суының тасқыны»)», sahifa 2

Shrift:
 
Төрт түлігі сай болар,
Баға білген бай болар –
Қашаннан да бұл қоныс
Құтты болған жер екен.
Өзегі де қайырлы –
Аш-арығы сүйреп жейді екен
Бекіре менен жайынды.
Балқашын орып мал жеген,
Аралас үйрек-қаз жеген,
Малының жақын өрісі,
Құлынның ұзын желісі,
Ағашында піскен алма бар,
Миуалы жемісі.
Еділ мен Жайық, Нарынның
Осылай екен келісі –
Бір Алланың берісі.
Күндердің күні болғанда:
«Орыстар зорлық етер, – деп, –
Жағама қолы жетер, – деп, –
Еңіреп ерлер өтер», – деп,
Асан-қайғы бабамыз
Жерінен безіп сол үшін
Амалсыз тастап кетіпті
Көк Еділ менен Ақ Жайық,
Кең Нарынның қонысын!..
Мынау бір өткен уақиға,
Бұдан да хабар берейін:
Тайшық ханның елі толғанда,
Тай тулап талқан болғанда;
Үш қиянның жеріне
Ормамбет ханның елі тегіс қонғанда;
О да келіп бір күні
Бір құтырған құртқа жолықты.
Ормамбет хан сол күнде
Қайтерін білмей торықты.
Бүлдіруге көп елді
Сол құрт себеп болыпты.
Арша деген ағашқа
Бір бозторғай келіп қоныпты.
Сол ағаштың бойынан
Құтырған құртты қағып жеп,
Құтырып торғай шырлайды,
Қанатын сілтеп пырлайды,
Көкке қарай зырлайды.
Өзінен зордан қаша алмай,
Жүрегін торғай баса алмай,
Шарықтап жүрген бүркітке
Шапқан екен торғай тайсалмай.
 
 
Оқиға бұрын болған көп,
Ойласаң, шығар түрлі кеп.
Қара бүркіт құтырды,
Əлгі бозторғайды қағып жеп.
 
 
Құтырып бүркіт желденді,
Еділге қарай еңменді.
Ұлы Еділдің бойында
Жүзіп жүрген нəн балық –
Салған екен соған шеңгелді.
 
 
Нəн балық жанын қарманды,
Желігіп келген бүркітті
Жұтып салып жалманды.
Бір шəй ішім мұрсат болады,
Нəн балық та құтырып,
Суға сыймай сандалды.
 
 
Желігіп балық сандалып
Жағаға шықты қайырлап.
Қайырлап жатқан балықты
Су жағалап қыдырған
Көрген екен батыр Сайынжап.
 
 
Балықты жеді елі алып,
Жеген елдер құтырып,
Біреулерді біреу жеп
Азайған, сөйтіп, көп халық…
 
 
Əлеумет пəмді, ішпен сез,
Асан-қайғы атам айтқан сөз.
Еліңді кімнің алғанын
Көріп тұр шыққыр міне, көз.
 
 
Сөйлейін сөздің парқынан,
Жаңылмай жырдың салтынан.
…Бұл қоныста көп еді
Тасып та толқып шалқыған.
«Жем аяғы пайда» деп,
Келуші еді бұл жерге
Дүние қуған талапкер
Дəру тауып дəрпынан.
Ырғыз бенен Торғайдан,
Қараөзен мен Сарыөзен –
Ішкі Орданың халқынан
Хиуаның өзбек-сартынан,
«Пайдалы» деген даңқынан.
Бекіресі Жайықтың
Асыл еді алтыннан
Иісі жұпар аңқыған.
Байлығына қызығып,
Естіген даңқын талайлар
Жетпекке мұнда талпынған.
Көш-керуен бет түзеп,
Жүк тиеп жолға артынған.
 
 
Саудагер мұнда мақтанып,
Таңдайларына ақ тамып,
Ақшаны жинап тақта ғып,
Қайтушы еді еліне,
Мекен еткен жеріне.
Амал жұлдыз атқарып;
Ақшаға жаны толулы,
Əбден жолы болулы,
Келгені жаяу – аттанып,
Көңілдері шаттанып.
Жем менен Жайық құт еді –
Тарқамас базар-дүкені.
Берекелі қазаным,
Қызығы кетпес базарым,
Ақ шуақты ажарым, –