Kitobni o'qish: «Бекболат батыр»

Shrift:

БЕКБОЛАТ БАТЫР

ИСА ДƏУКЕБАЕВ
Июнь жарлығы
 
Он алтыншы жылында,
Жиырма алтыншы июньде,
Даланы қара бұлт басты,
Нажағай ойнап от шашты.
Жым-жырт жатқан сахара,
Басқандай болды албасты.
Зілді кезең кездесіп,
Кəрі-жастан сұр қашты.
Жарлығы шығып патшаның,
Ел сенделді, ер састы.
Ежелгі кек оянып,
Көтеріліп жұрт дуласты.
Қырып-жойып қазақты,
Фольбаум1 шықты кіжініп,
Айдамақ боп соғысқа,
Шетінен тізіп қызығып.
Жандарал қатты ақырды,
Офицерін шақырды.
Күндіз-түні сөйлесіп,
Тапты жауыз «ақылды».
– Ауыл басы бір сыщик2
Жіберсек елге мақұлды.
Бар, сыщиктер, барыңдар,
Елден хабар алыңдар.
Жорға менен жүйрікті
Ылау атқа алыңдар…
Көнбегенді көндіріп
Күшпен жөнге салыңдар.
Бас көтерген жан болса,
Оқпен тəнін жарыңдар!
 
***
 
Біреу олай сөйлейді,
Біреу бұлай сөйлейді:
– Баланы қолдан бергенше,
Патшаға қарсы тұрамыз,
Өлсек шəһит боламыз.
Ноқталы басқа бір өлім,
Жас баланы берген соң,
Қайтып шыдап жүреміз?!
 
 
Кілең қыршын жастарды
Қырғызғанша Германға,
Бала-шаға, кемпір, шал,
Өзіміздің мекенде
Өлген артық онанда. –
Мына сөзді есітіп,
Даладан келді сыщиктер.
Айтып келді білгенін,
Бірер жұма далада
«Саяхаттап» жүргенін.
«Сұры жаман қазақты»,
Көздерімен көргенін.
Патшаға жігіт бергенше,
Жақсы көрер қырылып,
Өз жерінде өлгенін.
Жолықты бізге көп қазақ,
Қайнаған оттай шоқ қазақ,
Ауыл сайын біз бардық,
Ықыласы жоқ қазақ.
Фольбаум тақсыр, жанарал,
Қазақ əскер бермейді,
Бұл сөзіме құлақ сал.
Қанға былғап қолдарын,
Беруге қимай ұлдарын,
Көзім көрді көп қазақ
Серт айтысып тұрғанын.
Мына сөзді есітіп,
Офицерлер бірікті.
«Жаман да болса қазақ көп,
Салса, салар бүлікті» –
Деп жиылып бас қосып,
Патшаға беріп телеграм,
Хабар күтіп тұрысты.
 
ЕЛДІҢ ҚАМДАНУЫ
 
Не болса да болды, – деп,
Құрбан қылдық жанды, – деп.
Азар болса өлерміз,
Не салғанын көрерміз,
Аянып мұнан қалғанмен,
Неше жүзге келерміз.
Аянатын не жан бар,
Көп күшіне сенеміз.
Көп түкірсе көл деген,
Алты миллион шырақпыз,
Солар сөнсе сөнерміз.
Егер солар сөнбесе,
Біз-дағы көпке ерерміз.
Атқа мінген азамат,
Ерікті соған береміз.
Айыр, тырна қолға алып,
Фольбаумға бар қарсы.
Соғысайық қозғалып,
Ақ сарбасты сойғызып,
Қымызға елді тойғызып,
Жұрт жиылды айғайлап,
Ырым қылып өзінше
Бір ағашқа ту байлап,
Көп қалайық көтерді,
Бекболатты бас сайлап.
 
Елге əскер шығуы
 
Жандаралдар, төрелер,
Бір жерге қосты бастарын,
Патшадан хабар алады:
«Атыңдар да, шабыңдар,
Қырғыз бенен қазақтың
Бұйрығына патшаның
Мойын сұнбай қашқанын.
Патшашылдар, офицер
Жалаңаштап қылышын,
Суырып қынынан алады.
Құралсыз жатқан халыққа
Ат ойнатып, оқ атса,
Көңілдері толады.
Таң атқанша отырып,
Алматыда төрелер
План құрып қарады.
Ауылға отряд шығарып,
Қызығына қарады.
Сол уақытта ұрыстың
Басталар кезі дəл болды.
Біреудің біреу малына,
Ие болар күн болды.
Патша əскері қазаққа
Күйе болар күн болды.
Айдағаны əскердің
Түйе болар күн болды.
Үсті-басы қазақтың
Қайраған өткір қылышқа
Шие болар күн болды.
Қой қозылар шуылдап,
Тебінгі, тоқым салпылдап,
Шал мен кемпір айтқаны
Жүйе болар күн болды.
Жайылмыс жар шақырып, мал сояды,
Жиылып соғысуға қол қояды.
«Басталық ырым қылып біз бір соғыс», –
Деп шулап қырғыз, қазақ ат қояды.
 
 
Ал сонда Жайылмыстың қуанғаны,
Бекболат ішіндегі ту алғаны.
Бұқара қалың халық соңына еріп,
Соғысқа ер азамат дайындалды.
 
 
Қару жоқ, қарап тұрып салмақ ойран,
Есте жоқ, қарусыздық шыққан ойдан.
Кісідей тойға барар қуанып жүр
Болар деп ойламайды дүние ойран.
 
 
Қолыма қалам алсам сөз келеді,
Құлағың естігенді көз көреді.
Арғынның үш-төрт үйі орта жолда,
Айыспай деген адам кез келеді.
 
 
Қайда бара жатырсың, батыр, – дейді, –
Жолдасың болса бері шақыр, – дейді.
Бекболаттың тіктірген туы қайда,
Жайылмыс елімісің ақыр, – дейді.
 
 
Бұл сөзге патша əскері ашуланды,
Сұрланып іштеріңе тартты қаны
Жоқтайтын Бекболатты сенбісің деп,
Жазықсыз жазалады Айыспайды.
 
 
Офицер қылышпенен салып кетті,
Өткір қылыш шекесін жарып кетті,
Жығылып аттан құлап қалды өліп,
Жаны шықпай, есінен танып кетті.
 
 
Артынан шауып келді бір баласы,
Қан болған атасының үсті басы.
Бір солдат жетіп келіп қылыш шапты,
«Первый починға» деп, қылыштапты.
Екеуі екі күндей жатты-дағы,
Қараңғы көр ішінен орын тапты.
 
 
Үстіне Үшқоңырдың келді жетіп,
Дүрбімен алыс жерді жақын етіп.
«Жаудың сырын жау білмес» деген бар ғой,
Малышовтың тұрады есі кетіп.
 
 
Жайылмыстар ойлайды əр ақылды;
Мыңдар жылап, сол кезде біреу күлді.
Көп үшін мен құрбандық болармын деп,
Қорқыныш жүрегіне суық кірді.
 
1.Алматының губернаторы.
2.Тыңшы, шпион.
Yosh cheklamasi:
12+
Litresda chiqarilgan sana:
23 yanvar 2017
Hajm:
14 Sahifa 1 tasvir
Mualliflik huquqi egasi:
Public Domain
Yuklab olish formati:

Ushbu kitob bilan o'qiladi