Kitobni o'qish: «Күйші»

Shrift:

Күйші

I

 
Қамаудың хан ауылы қыр жағында,
Аңқытып ақ орданың бір жағында.
Күйші отыр домбыраны дүрілдетіп,
Құмар қып тартқан күйдің ырғағына.
Буынсыз он саусағы күй қағуға,
Көңіліне тыңдағанның от жағуға.
Бал тамған бармағынан домбырашы
Жан терге түсіп отыр мынау дуда.
Күйшінің қошаметке көңілі тасып,
Бес бармақ маймаң қақты перне басып.
Толқынтып тоқсан күйді дүрілдетті,
Көңілді бірде шымшып, бірде қасып.
Екі ішек жүрек жарып көңіл ашып,
Бірде ойнақ, бірде баяу сыбырласып,
Зарлы күй, ащы күйдің, тәтті күйдің-
Бәрін де лақылдатып төгіп шашып.
Күңіренген бір мұңды күй даланы алды,
Табиғат тып-тыныш бола қалды.
Қырдағы қоян құлан құлақ тігіп,
Қамыстан жолбарыс та ыңыранды..
Күңіреніп «Асанқайғы» күй толғанды,
Желмая желе жортып жерді шалды.
Алатау, Алтай, Арқа, Қырды, Сырды
Аралап, қоныс таппай күй зарланды.
Алатау күй тыңдады ауылдай боп,
Тас балқып толқып жатты бауырдай боп.
Аңқылдап алтын күрек домбырадан
Құйып тұр жазғы жылы жауындай боп.
Қағылды кейде бір күй дабылдай боп,
Бұрқырап кетгі түтеп дауылдай боп.
Әлде күш, әлде дауыл, әлде ат шапқан,
Әйтеуір қырдан көшкен сарындай боп.
Мұз еріп, қатты аяздың кәрі қайтып,
Қас батыр көңілі жұмсап, зәрі қайтып.
Майрылып ақ семсерлер қалайы боп,
Қажытты мұзбалақты күй мұңайтып.
Құлпыртып бәйшешекті кетті шалқып,
Аққудай көкте күйлеп, көлде қалқып.
Ақтарып, лекілдетіп, лепілдетіп,
Талдырып, тамшылатып сығып сарқып.
Біресе ағытылып күй сылдырлап,
Тербетіп тыңдағанның көңілін ырғап,
Бұлақтай таудан тасып, тастан орғып,
Аңқылдап жатыр жосып сайды құлдап.
Күлдірлеп қоңыраудай, күй сыңқылдап,
Бота күй маймаң қақты үн былқылдап.
Қоғадай салбырасып хан, қарасы,
Намазға ұйығандай отыр тыңдап.
Қаққанда деген күйді «Терісқақпай»
Жым-жырт боп тына қалды жел де соқпай.
Домбыра айналаға дүбір салды,
Адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай.
Тартқанда батыр күйін «Қорамсақтай»,
Ақ түтек тұра ала ма боран соқпай.
Ару боп ат артында қалмақ қызы,
Безектеп перне басты шынашақтай.
Күй алды Бақанастың қара өзегін,
Дауылдай бұрқыратып ебелегін.
Қара жер қалқып барып қата қалды,
Саймақтың суырғанда «Сары өзенін».
Үн қылып домбыраның өндіршегін,
Тіл қылып сөйлеп, зарлап екі шегін,
Күңіреніп жұрттың көңілі түйе болды,
Шерткенде Тойтан тартқан «Боз інгенін».
Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына,
Бұлт тыңдап мінбей тұрды тау басына.
Мақұлық жерде, көкте маужырады,
Қараған бір жан болмай шаруасына.
Су ақпай жатты тоқтап арнасында,
Қарғалар қалқып қалды жар басында.
Сүйсініп домбыраны тыңдады жұрт,
Тырп етпей, тілеулес боп зарласынға.
Қалмақгың қақты қара жорғасына,
Айналды ақ алмастар қорғасынға.
Мәжіліс міне осындай болып жатгы
Бір кеште хан Кененің ордасында.
 

II

 
Хан орда, хан тағында, жайнап көркі,
Күй болып, ұйып отыр есіл-дерті.
Отырған кұлағын caп, құлай тыңдап,
Кенеге үн бір сарын, күй біркелкі.
Қоршаған хан қасында қошаметші,
Даяшы, төленгіті, би, жендеті.
Ауылы Бақанастың өлкесінде,
Арқадан Алатауға ауған беті.
Өзінің ордасында батыр Кене,
Тарттырып домбыраны отыр Кене.
Қиялы домбырамен сыбырласып
Жатқандай шабуыл не? Жортуыл не?
Келелі кеңестер не? Ақ найза не?
He тоқтау толқып жатқан айдын көлге?
Көтерген Абылайлап ала жалау,
Шақыртқы ту бола ма тозған елге?..
«Абылай Көкшетауда көшелі хан,
Кәні, кім ондай болды ұрпағынан?
Ақ туын Абылайдың кім көтерді
Алашта, дүниеден көшкелі хан?
Жау жорық, болды заман жұрт шулаған,
Шаң беріп әржерден бір қиқулаған
Абылай аруағым, ала туын
Көтерсем… көтерілер өшкен ұран…»
Ойынан көшіп жатыр өткен күндер,
Сарыарқа, Көкшетаулар, Жайық, Еділдер.
Көк шалғын керегедей желі тартқан,
Көзінен бұлаң қағып бұйра белдер.
Ат сайлап, қылыш қайрап сарбаз ерлер,
Зеңбірек атанға артқан, найзагерлер
Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай,
Алатау берік қорған, жұмақ жерлер.
Көңілінен Кене ханның кірді ашқандай,
Домбыра ауған елге сырласқандай,
Ел қандай, Арқа қандай,, дұшпан қандай,
Ауған ел арт жағымен жауласқандай.
Тасытып көкірегін кек ашқандай,
Тынбасқа жауды жеңбей, жер жастанбай.
Нажағай ашуында жарқ-жұрқ ойнап,
Бұлтты бұрқыратып от шашқандай.
Көңілден керуендеп күй кешкендей,
Әркімнің өз көндімен тілдескендей.
Батыр да, хан да, қыз да, қазаншы да —
Бәрі бір домбыраға мінгескендей.
Жып-жым-жырт, тыңдағандар тіл кескендей,
Құрыштап құлақгарын үн кескендей,
Сылдырлап кейде қамыс, кейде бұлақ,
Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей.
Арыстан ашуланса арс ұрады,
Сескеніп жан-жануар жаншылады.
Желді аяқ, шауып тұлпар топты жарса,
Саусақтар үсті-үстіне қамшылады.
Салбырап тыңдап отыр домбыраны,
Домбыра көшіреді, қондырады.
Күйші айдап көшкен елдің күйін тартып,
Қошамет болса қалай болдырады.
Шаңқылдап бірде аспанда тау қыраны,
Күрпілдеп бірде бие саудырады.
Майдалап бірде қоңыр самал соғып,
Бұрқ-сарқ бірде нөсер жаудырады.
Домбыра қарғылады, орғылады,
Манаурап, тыңдаған жан салбырады.
Батырып күймен күнді, көз байлантып,
Күйшінің күйін сонда қойдырады.
Қарашаш ақылы дария, алтын басы,
Әйелдің ақ сұңқары, ханзадасы.
Өз басын мың қараға теңгермейтін,
Кененің кеңесінде ақылдасы.
«Дат!» – деді ханның өжет Қарашашы,
Немере, хан Кененің қарындасы.
«Ханыша, не датың бар?» – деді Кене,
Аңырып тұрып қалды айналасы.
Сырттан қыз сілкінгендей беріп сыртын,
Талайдың айдынымен алған сұрқын.
Иілді «Алдияр!» деп хан алдына,
Қалды ұйып үйдің іші, болды жұрт жым.
«Қамалым, хан данышпан, Кенем – құтым,
Менің де сыртым бүтін, ішім түтін…
Ордадан бұдан артық тілемеймін,
Бер маған осы адамды басы бүтін…»
Көтерді Кене ақырын қыздың басын,
Отырды майда сипап қара шашын.
Жолбарыс жымың қағып сылқ-сылқ күлді,
Қарашаш жарлық күтіп керді қасын.
«Осы ма сұрағаның, Қарашашым?
Қаласа, қалағанын алсын, алсын!
Үйсіннің ерулігі болар бізге!
Бергенім басы бүтін байлап басын!»
Жүйрік жан, маймыл күйші, сорлы маңдай,
Сөзіне түсінбеді қыздың қандай.
Хан: «Бердім басы бүтін» дегеніңде,
Сұп-суық болды көңілі мұз құйғандай.
He жазды бұл осындай іс қылғандай?
He жөн бар хан осынша күш қылғандай?
Әлде өңі? Әлде түсі? He жын соқты?
Өзіне отыр күйші ешбір нанбай.
«Алдияр, маған жарлық еткенің бе?
Байланып басы бүтін кеткенім бе?»
Жіберді күйші сонда солқ-солқ жылап,
Сорғалап сортаң жасы беттерінде.
«Бердім мен ханышаға, – деді Кене,
Сатса да, сойсадағы өз еркіңде!»
«Екі емес хан жарлығы!» десіп жатыр,
Бұғыбай, Бақай, Бұқай дегендер де.
«Көрмеген бұрын орда неткен елсің?
Қылатын қызметің күй күйлерсің.
Жау қуып, отын алып, су құймайсың,
Құдайдан бұдан артық не тілерсің!»
Хан айтты, өкім болды! Жансын, күйсін!
Жігіттің жері Балқаш, руы Үйсін!
Жазығы домбыраны сөйлеткені,
Сонымен кете барды сорлы күйшің!..
 

III

 
«Тыңдасын домбырамды хан тағында»
Деп келген сорлы күйші атағына.
Айтылып хан жарлығы кете берді,
Қақтығып орданың бір шатағына.
Ілініп ханның байлау, матауына,
Азат бас айналды оңай ата құлға.
Күйшіні ертіп келіп есік ашты,
Мақпал бау, манат ойған отауына.
«Алдияр!» ауызына азар түсті,
Алақтап алды-артына назар түсті.
Кіргендей болып кетгі бір сарайға,
Алтын мен жібек жайған базар түсті.
Ханыша мынау аппақ сазан түсті,
Көріңді әзірейіл, ажал түсті.
Жыланнан сырға салған жолбарыс қыз
Сықылды жын патшасы дажал түсті.
«Адам ба, осы отырған айдаһар ма?
Ауылдан ажал мені айдаған ба?
«Ақ көбек» күй айтқаны осы болып,
Алдына жарлықпен хан байлаған ба?
Анықта, аңғал көзім байқаңқыра,
Жоқ, өзі түсі жылы, пенде бұ да…»
«Сенікі сонау ірге! – деді ханыша, —
Орын ал, жайлан дағы тарт домбыра!»
Қалтырап буындары, тұрып жүрек,
Жүгінді тізелерін тіреңкіреп.
Жаутаңдап екі көзі, кемсең қағып,
Алдына ханышаның қылды тілек:
– Алдияр, ханыша!
– He айтасың, күйшім?
– Мен үйімді қашан көрем?
– Үйіңде нең қалды?
– Шешем…
– Оны күй біледі!
Сөз бітгі, сонан әрі тілдескен жок,
Қарашаш қайтуына күн кескен жоқ.
Болғанда бүгін мұңда, ертең қайда…
Мекені Кене ханның бір көшкен жұрт…
 
Yosh cheklamasi:
12+
Litresda chiqarilgan sana:
22 yanvar 2017
Hajm:
38 Sahifa 1 tasvir
Mualliflik huquqi egasi:
Public Domain
Yuklab olish formati:

Ushbu kitob bilan o'qiladi