Kitobni o'qish: «Гәкку»
Shrift:
ГƏККУ
ЕРКЕШ ИБРАҺИМ
(1930–1986)
Əке жыры
– Бас, қарағым, көрігіңді баса түс,
Кеудеңдегі дауыл көзін аша түс.
От сүйеді, өрт сүйеді дауылды,
Сол дауылға дауылыңды қоса түс.
Бас, қарағым, көрігіңді дүрілдет,
Қарауытқан шоқтың көзін күлімдет.
Темір шіркін қызарсын да балқысын,
Асау тайдың тізесіндей дірілдеп.
Бас, қарағым, ақ жалының лауласын,
Қызған болат жамбасынан аунасын.
Бас, қарағым, қайратыңның қызуы
Найзағайдың айбынынан аумасын.
Көрігіңді нар түйедей желкілдет,
Жалын тұрсын еліктейін елпілдеп.
Ұшсын шоқтар жүрегіңнен ұшқындай,
Құрыш болат балқып түссін мөлтілдеп.
Көрігіңнің көмекейі əндетсін,
Оттығыңда алауласын сөнбес күн.
Бас, қарағым, бас, қарағым, қыздыра,
Жас қайратың нөсер құсап селдетсін.
Ойна, қалқам, жастайыңнан отпенен,
Өткелің кеп əлі сенің өтпеген.
Бас, қарағым, қыздыра бас көрікті,
Дауылыңның бəсеңі бар ептеген.
Ұқ, қарағым, жастайыңнан ұқ мұны,
Бола көрме ұсақ тірлік тұтқыны.
Жастайыңнан жалын бол да, маздап жан,
Ой баспайды, май басады күптіні.
Аптамасаң, таптамасаң жалынмен,
Жалын болып өртенбесең жаныңмен,
Қарғам, саған бас имейді темір де,
Соқ балғаңды, жүрегіңмен, барыңмен.
Соқ, қарағым, құлаштай соқ балғаны,
Болат төстен көңірсісін нан дəмі.
Соқ, қарағым, сом балғаңды сілтей соқ
Болат төстен шапақ ұшсын таңдағы.
Темірге де керек, қалқам, ықылас,
Ақ жалын бір сал-сері ғой үкі бас.
Бұл көріктің патшалығы басқаша,
Дарбазасын дарыныңмен ұтып аш.
Қызған темір ол да қыран қанатты,
Балқытқанда бабында үста болатты.
Ол да саған ақ тамағын созады,
Ерініне жағып алып далапты.
Темір сыры, болат сыры басқаша,
Шамырқанған шабыт сені бастаса.
Іңкəрліктің, құмарлықтың бəрі тұл,
Егер өнер түп есігін ашпаса.
Саябырла енді, қалқам, абайла,
Сəтсіздіктер тентіреп жүр маңайда.
Бірі келіп шылауыңнан алмасын,
«Сабыр түбі – сары алтын», соны ойла.
Үзілт үнін сом балғаңның, талмаурат,
Міне, міне, келе жатыр əн қаулап.
Талмаусырат, шымыр-шымыр талықсыт
Ақ жалынды нəзіктікпен ал жаулап.
Жетті, жетті, айналайын, ал енді
Айтқыз оған суға малып өлеңді.
Шөлдеді ғой, айызын бір қандырсын,
Бабын тауып, салқын суға мал енді.
Құрыш – ол да кербездікті сүйеді,
Құрыш, шіркін, ол да ақын киелі.
Бабы түссе ол да қылы қобыздың,
Сұңқылдаған домбыраның тиегі.
Бəрін байқап тұрады бұл қара төс,
Ұқ жалыңды, ұқ темірді, бол əкеш.
Шым болатты батыр енді тереңге,
Сəл кідірсең жəне ерте, жəне кеш.
Осылай деп баласына Сандыбай
Үйретеді аңдып тұрып «аңдымай»
Кеудесіне түскен бозғыл сақалын,
Сипап қойып бозғыл мұртын шалғыдай.
Ана жыры
Күміс балға шыңылдайды бір қалып,
Мөлтілдеген ақ бұлақтай ырғалып.
Бірде сонша сыңғырайды мұңданып,
Бірде сонша шыңылдайды шыңданып.
Бір нəзік үн, бір нəзік үн басқаша,
Жан ананың жан сырымен астаса,
Кемейіне жыр құяды көлкілдеп,
Күмк балға күйге көміп тастаса.
Сыңғыр-сыңғыр, сылдыр-сылдыр ағын ба,
Нəзік балға əн шырқайды бағында.
Үйдің іші сайрап тұрған бұлбұл құс,
Шын сұлулық отырғандай тағында.
Сылдыр-сылдыр, сылдыр-сылдыр толқындар
Кейде, кейде ақ қаз болып қаңқылдар.
Тапталады оймақ балға астында
Кейде күміс, кейде зерлі алтындар.
О, алтындар, о, алтындар, алтындар,
Сені көрсе, əр адам-ақ қалтылдар.
Бірақ ана саусағында діріл жоқ,
Тек қана бір қиқулаған қаңқыл бар.
Қаңқылдаған, қиқулаған құс үні
Сан қиялға жетелейді кісіні.
Ана соққан білезік пен жүзікте
Еркелейді сұлулықтың мүсіні.
Отырады ұзақ түнге зер шегіп,
Шабыттанып кеткенінде теңселіп.
Əзер барып көз шырымын алады
Кейде түнді, кейде таңды еңсеріп.
Кейде сонша бұл өмірден алшақтап,
Зер шеккендей, зар шекендей əн сап қап.
Гауһар тастар байланады жүзікке,
Мөлдіреген көз жасындай моншақтап.
Кейде сонау қиял шыңын қиялап,
Бар əсемдік жүрегіне ұялап,
Қырдың гүлі, таңның нұры бəрі де
Саусағынан табады бір тиянақ.
Алтын кесте неше қиян зерленіп,
Армандардың асыл кейпі мөрленіп,
Көмкеріліп, көгенденіп жатады
Бар сұлулық бір саусақта жөрмеліп.
Тебірентеді бəрі, бəрі ананы,
Қыз көзіндей төңкерілтіп тананы.
Жаудыратып, жаутаңдатып қояды
Əншіні де, ақынды да, дананы.
Ана сыры неткен, сірə, көп еді,
Көлкілдетіп көк толқынды шегеді.
Көкшетаудың сексен көлі сілкініп,
Бір танада бірін-бірі өбеді…
Шегеді дəл аудармастан мұнарын,
Қанша үңілсең, қана қоймас құмарың.
Білезікте бұлдырайды Бурабай,
Жаһандағы жалғыз тағып тұмарын.
Сақинада сексен ару сыңсиды,
Қызуынан əнші, сері күнсиді.
Жиырма бестің жымыңдатып шілдесі,
Жиырма бестің самалымен тыншиды.
Інжу тастың балқытады жүрегін,
Толқындатып армандардың тілегін.
Ақық тасқа атқызады ықылық,
Жаутаңдата жайнатады гүл өңін.
Сырғаларды сылдыратып басқаша,
Мөлдіретіп маржан түйіп тастаса,
Өрнектерін раушан гүлдей құлпыртып,
Жүректерді тілімдейді таспаша.
Отырады бар шабыты құйылып,
Қара қасы қос садақтай иіліп,
Алтын гүлдер, күміс гүлдер үлбіреп,
Қызғалдақтай сағағынан қиылып.
Шолпы шексе, шолпылдатып шабақты,
Тамсандырып тебірентеді тағатты.
Ана қолы неткен шебер əулие,
Ана ойы неткен қыран қанатты.
Күй құяды кеудесіне күмістің,
Күлімсіреп тіл қатады күміс күн.
Ыбырайдың жанарынан сол сəтте,
Жарқырайды найзағайдай мың ұшқын.
Осылай басылмаған көрік қалды,
Əн тыңдап жалын темір өліп қалды.
Балғасы – домбыраның сағасы боп,
Пернелер сал саусағын еміп қалды.
Ұмытқан əннен басқа өзге бəрін,
Бұл күнде кеудесінде өзге дарын.
Мың ирек əуенімен нақыштайды
Көкірек көңілдегі көзде барын.
Кеудесі гуілдейді көрік құсап,
Гүл атқан көктемдегі өрік құсап.
Бұлақтай шымырлайды əн маржаны,
Немесе еркелеген елік құсап.
Тағы да толғанады талай əнді,
Балқытқан сезімдерді алау əнді.
Шырқата шалқытады «Шалқыманы»,
Тағы да бастайды бір баяу əнді.
Баяу үн бара-бара дауыл болып,
Жауады нөсерлеген жауын болып.
Жарқылдап нақыштардың нажағайы,
Ұшады шабыт бұлты ауыр қонып.
Баяу үн бара-бара өрт болады,
Махаббат жалындаған дерт болады.
Көріктей гуілдеген əн болады,
Айқасқан ала құйын серт болады.
Созады «Маңмаңгерді», «Жанбаспасты»
Табады пернедегі жан баспасты.
Ұшады қияларға қияндатып,
Қонады шыңдардағы таңдап тасты.
Созады əн бөбегін «Мақпал қара»,
Сезімде сүзіледі ақтан қара.
Басқаға ұқсамайды бір əуені,
Ұшады жеке шырқап оқтан дара.
Осылай шығандайды дара шыңға,
Көкшенің кербез сұлу даласында.
Бейне бір гуілдейді көрік болып,
Əн шалқып ет пен тері арасында.
Сол үшін оны жауы көре алмаған,
Janrlar va teglar
Yosh cheklamasi:
12+Litresda chiqarilgan sana:
22 yanvar 2017Hajm:
20 Sahifa 1 tasvirMualliflik huquqi egasi:
Public Domain