bepul

ТОПАН («Жем суының тасқыны»)

Matn
O`qilgan deb belgilash
Shrift:Aa dan kamroqАа dan ortiq
 
Сақауат-қайыр қылмады,
Елдегі жігіт «бай» деген.
 
 
Қалаға келген билері
Арақ ішіп елірді,
Кеудесі бұған семірді,
Папиросы шегулі.
Рəсуа болып иен байлық,
Əкімдер болды жебірлі,
Ысырабына қылған шөлірді –
Кепиетінен қорықпай,
Қыйсапсыз дəулет төгілді.
 
 
Етпеді шүкір-қанағат,
Тап болмай қайтсін ғаламат?!
Бес күндік дəулет мас қылып,
Болмайтын іске бəс тігіп,
Дұшпанға артын аштырып,
Жақсыны жаман табалап.
Бəледен бəле балалап,
Көбейді хабар жаманат.
 
 
Қайырсыз кілең қаста бай
Айдаған малға қуанып,
Қой-қозыға жұбанып;
Қалалы жерде мырзасы
Қос арғымақ пар жегіп
Тарантас арба туарып,
Кəршөндікке қамалып,
Шалқыды талай мас болып
Нəпсісін ылайға суарып.
Нешелер «дариямын» дегеннің
Талайы қалды суалып.
 
 
Тап болмай қайтсін ғаламат? –
Сарттан болды молдасы,
Шайтан болды жолдасы.
Құл-құтанға қор болды,
Азамат ердің ордасы.
 
 
Далаға дəулет шашқандар
Көп болды мұндай тасқандар,
Əлдерін білмей асқандар.
Пыйғылынан солардың
Қабыса жазды аспан-жер…
 
 
«Алла» деген – артық бақ,
Бұрынғы өткен заманнан,
Қызыл тілім, сайрасаң,
Оқиғаларды айтып бақ.
Жастабан, Шарға, Келдібай –
Таз деген туыс жұртымның
Жүрегі жаман шайылды-ақ.
Байұлының ішінде
Білікті қарттар қайымдап,
Білген екен бəрін пайымдап.
 
 
«Су тасады жындай» деп,
«Байтақ жатқан халыққа
Бəле келед мұндай» деп. –
Қосқұлақ сұпы Аманбай
Алты күн бұрын өтулі
Елі-жұртын аралап,
Айтқан екен шамалап:
«Елді бүлгін шалад» деп,
«Топан су тасып ағад» деп.
«Бəле келед тұлданған
Кер заманға қырындап, –
Айдың басы қауіп» деп,
Білікті шалдар айтыпты
Оқиғадан бұрынды-ақ.
Тыңдаған бірақ жан бар ма,
Шалдардың сөзін ырымдап?!
 
 
…Құтырынған бір құйын
Кетірді жаман ел күйін,
Қара дауыл соқты да,
Үй қирады бесінде.
«Келер, – деп – мұндай оқиға», –
Болмады жұрттың есінде.
Ғаламат болды айтқандай,
Жұма-ақшамның кешінде.
Таудай биік сеңдерді
Бұлтпен бірге көшірді.
 
 
Адамның алды жатқанда,
Көз ұйқыға батқанда,
Терезеден су құйды,
Биіктеп келіп сең үйді,
Қызылды-жасыл су жүрді.
 
 
Сұрапылдың желі зулады,
Зілмəңкенің үстінен
Ұлтарақтай қара жер таппай
Қол ұстасып жұрт шулады.
 
 
Садақа айтты сасқанда-ай,
Көкке суды шашқанда-ай,
Зілмəңкенің басынан
Мұз жапырып асқанда-ай.
Мылтықтың атқан оғынан
Бір де осал тимеді –
Құтылмады қашқандар
Екпінмен мұздар соққанда.
Кəршөндіктегі мастардың
Кеудесі кетіп, бас қалды,
Түкірігі жерге түспеген
Тəкаппарлар мұзды жастанды.
«Салих құлын бір Алла
От ішінде сақтар» деген сөз
Көнеден жеткен ақпар-ды.
Бітіне, бұзық көбейіп,
Хаққа қарсы іс қылғасын,
Қайсысын аман сақтар-ды?!
Ғаламат мұндай болғасын,
Тəңертең тұрып қараса,
Кейбіреу жетім-жас қалды,
Талайлар мұзға тапталды.
 
 
Біреулер қалды атасыз,
Біреулер қалды анасыз,
Біреулер қалды баласыз,
Біреулер қалды жалғыз қарасыз.